Нұржан Нұржігітов биыл Қазақстандағы су тасқынын тежеуге не көмектескенін айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Тасқын судың көлемі көлдерге бағытталған

Фото: Үкімет

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов үкімет отырысында елдегі су қорларын реттеу және көктемгі су тасқынына байланысты қандай іс-шаралар атқарылғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, вегетацияаралық кезеңде және 2026 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде жергілікті атқарушы органдармен бірлескен кешенді шаралар жүргізілген. Соның нәтижесінде биылғы су тасқыны қалыпты деңгейде өтіп, су қоймалары жоспарлы көлемге дейін толған. Сондай-ақ гидротехникалық нысандарда төтенше жағдайлар тіркелмеген.

«Сонымен қатар тасқын сулардың бір бөлігі экологиялық мақсатта көл жүйелеріне бағытталған. Бұл табиғи су көздерінің жағдайын жақсартуға және кейбір өңірлердің экологиялық ахуалын тұрақтандыруға ықпал еткен. Мысалы, Тасөткел су қоймасынан Созақ ауданына 1 млрд текше метрден астам су жіберілген. Ертіс өзені алабында жайылма алқаптарды суландыру үшін 6,4 млрд текше метр су бағытталған», - деді Нұржігітов.

Ал Балқаш көліне су жіберу жұмыстары да жалғасқан. Қапшағай су қоймасынан 2025 жылдың қазан айынан бастап биылғы сәуірге дейін 3,7 млрд текше метр су құйылып,  нәтижесінде Балқаш көлінің деңгейі 29 сантиметрге көбейген. Министрлік су ресурстарын тиімді басқару жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.