Шаруаларға дизель отыны арзан бағада беріліп жатыр – Ақкенженов

Автор: Аягөз Құрмаш

Жжанармай құю бекеттеріндегі дизель нарықтық бағадан 49 теңгеге арзан болмақ

Фото: istockphoto.com

Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов көктемгі егіс жұмыстарына арналған дизель отынымен қамтамасыз ету барысы туралы есеп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, энергетика және ауыл шаруашылығы министрліктері биыл 1 ақпан мен 30 маусым аралығында көктемгі дала жұмыстарына 402,2 мың тонна дизель отынын бөлу кестесін бекіткен.

«Қазір өңірлерге берілетін дизель отынының ұсынылған бағасы литріне 263 теңге болып отыр. Ал өңірлік операторлар үшін түпкілікті баға шамамен 281 теңгені құрайды. Бұл жанармай құю бекеттеріндегі нарықтық бағадан 49 теңгеге арзан немесе шамамен 15 пайыз төмен», - деді Ақкенженов.

Шаруаларға бөлінген отынның мақсатты әрі ашық пайдаланылуын бақылау үшін бірқатар жаңа тетік енгізілген. Атап айтқанда, әр тұтынушыға жеке PIN-код беріледі, дизель отыны арнайы түстермен боялады және электрондық шот-фактура жүйесінде бөлек виртуалды қойма құрылады.

Министрдің сөзінше, осы шаралардың нәтижесінде дизель отынын негізсіз пайдалану көлемі айтарлықтай қысқарған. Бұрын нақты іріктеу көлемі 729 мың тоннаны құраса, қазір ол 602 мың тоннаға дейін төмендеген. Бұл 127 мың тоннаға немесе 21 пайызға аз деген сөз.

Ведомство мәліметіне сәйкес, ақпан-сәуір айлары аралығында жоспарланған 402,2 мың тоннаның 204,8 мың тоннасы немесе 51 пайызы өңірлерге жөнелтілген. Энергетика министрлігі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауда екенін атап өтті.