Республикалық жарысқа еліміздің 18 өңірінен келген 36 құмай тазы қатысып, үздіктер анықталды
Шымкент қаласы әкімдігі мен «AMANAT» партиясының қолдауымен «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында құмай тазылар арасында республикалық ашық біріншілік өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық спорт пен ата дәстүрді ұлықтауға бағытталған іс-шараның басты мақсаты – қазақтың қастерлі мұрасы саналатын тазы тұқымын насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың ұлттық рухын нығайту.
Алғаш рет ұйымдастырылған ауқымды додаға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Жолдықараев, Қазақы тазы спорт федерациясының президенті Мұрат Мансуров және еліміздің түкпір-түкпірінен келген тазы баптаушылар, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Өз сөзінде Ербол Байқонысов ұлттық құндылықты дәріптеуге бағытталған іс-шараның маңызына тоқталды.
«AMANAT» партиясы ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, оларды кең көлемде насихаттауға әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінгі жарыс та соның нақты көрінісі. Бұл — халқымыздың көне саятшылық дәстүрін жаңғыртып, ұлт руханиятын дәріптейтін тағылымы мол іс-шара. Қазақ халқы үшін тазы — жеті қазынаның бірі. Сондықтан осындай жарыстар ұлттық мұраны кейінгі ұрпаққа танытып, жастарды ата дәстүрді құрметтеуге тәрбиелейді. Мемлекет тарапынан да бұл бағытқа айрықша мән беріліп отыр. Соның дәлелі ретінде елімізде 3 қыркүйек – Тазы мен төбет күні болып ресми бекітілді. Бұл – халқымыздың тарихи мұрасына деген зор құрметтің белгісі», – деді ол.
Жарысқа еліміздің 18 өңірінен келген 36 құмай тазы қатысып, 500 метр қашықтықта бақ сынады. Сайыс барысында жүйріктігімен, алғырлығымен ерекшеленген тазылар көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Нәтижесінде мәреге алғаш жеткен үздіктер анықталып, жеңімпаздарға қаржылай сыйақылар, кубоктар мен арнайы медальдар табысталды.
Жарыстың жүлде қоры:
– І орын – 700 000 теңге
– ІІ орын – 500 000 теңге
– ІІІ орын – 300 000 теңге
Біріншілікте І орынды Алматы облысынан келген тазы баптаушы Айдын Құдайбергеновтің «Сылдыр» атты құмай тазысы жеңіп алды. ІІ орын Алматы қаласынан келген Маукен Жексенбінің тазысына бұйырса, ІІІ орынды Алматы облысынан келген Нуридин Сайлау иеленді.
Жарыс жеңімпазы Айдын Құдайбергенов ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, ұлттық мұраны насихаттаудың маңызын атап өтті.
«Тазы баптап келе жатқаныма 30 жылдан асты. Бүгін бәйгеге қосқан құмайым бұған дейін де 20-ға жуық жарыста топ жарған. Қазір де ерекше қуанышқа келіп отырмын. Осындай жоғары деңгейде ұйымдастырылған додаға қатысу біз үшін үлкен мәртебе. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, қазақы тазының мәртебесін көтеруге атсалысып жүрген азаматтарға алғысым шексіз», – деді ол.
Сонымен қатар, іс-шара барысында тазылардың тек шапшаңдығы ғана емес, олардың сыртқы келбеті мен ұлттық нақыштағы сән-салтанаты да назардан тыс қалмады. Арнайы номинациялар бойынша «Сұлу тазы», «Үздік ұлттық киім» және «Ең жас баптаушы» аталымдары тағайындалып, жеңімпаздарға арнайы марапаттар табысталды.