Абай облысында жыл басынан бері алты мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Анықталған деректердің басым бөлігі экологиялық нормалар мен абаттандыру ережелеріне қатысты

Фото: © istockphoto.com

2026 жылдың басынан бері Абай облысының полицейлері өңір тазалығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында ауқымды жұмыс жүргізді. Рейдтік шаралар барысында жалпы саны 5772 заң бұзушылықтың жолы кесілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Абай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, анықталған деректердің басым бөлігі экологиялық нормалар мен абаттандыру ережелеріне қатысты. Абаттандыру ережелерін бұзу бойынша 5308 дерек тіркелген. Бұған қалалар мен елді мекендердің аумағын күтіп ұстамау, инфрақұрылым нысандарына нұқсан келтіру және жасыл желектерді зақымдау жатады. Сонымен қатар қоғамдық орындарды ластау бойынша 464 құқық бұзушылық анықталған. Полицейлер бұл бағытта тек жазалау шараларымен шектелмей, жүйелі түрде мониторинг пен рейдтік шараларды жүзеге асыруда.

Тәртіп сақшылары облыс тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтті. Басты мақсат — жауапкершілікті арттырып, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру. Бұл жұмыстар халыққа қоқысты кез келген жерге тастамауды түсіндіру және табиғатты ластамауға жол бермеу үшін жасалып жатыр.

Кілт сөздер:
Абай облысы, құқық бұзушылық, полиция, қоғамдық тәртіп