Тек аралас жұп қана емес, Қазақстанның әйелдер құрамасы да жоғары деңгейде өнер көрсетті
Шанхайда өткен блоктық садақ атудан Әлем кубогінің екінші кезеңінде Қазақстан құрамасы төртінші орынға табан тіреді. Отандастарымыз қола жүлде үшін таласта Эстония мергендеріне есе жіберді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аралас командалық сында бақ сынаған Виктория Лян мен Мұса Ділмұхамет турнирдің шешуші кезеңіне дейін сенімді жетті. Үшінші орын үшін өткен шешуші кездесуде олар Эстония құрамасымен бетпе-бет келді. Кездесу 154:153 есебімен эстондық мергендердің пайдасына шешілді. Осылайша Қазақстан құрамасы Әлем кубогі кезеңін төртінші орынмен қорытындылады.
Бұл сында «алтынды» АҚШ командасы иеленсе, Түркия құрамасы күміс жүлдені еншіледі.
Тек аралас жұп қана емес, Қазақстанның әйелдер құрамасы да жоғары деңгейде өнер көрсетті. Блоктық садақ атудан Виктория Лян, Роксана Юнусова және Диана Юнусова үштігі турнир қорытындысы бойынша тоғызыншы нәтижені көрсетіп, үздік ондықтың қатарына енді.