Енді әскери оқу орындарының бағдарламасына халықаралық стандарттар енгізіледі
Қазақстан Қарулы Күштерінде дзюдо спортын дамыту бойынша жаңа жоспар бекітілді. Енді әскери оқу орындарының бағдарламасына халықаралық стандарттар енгізіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астанада ҚР Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер кездесті. Тараптар Қазақстанның әскери жүйесінде дзюдоны дамытуға бағытталған маңызды ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Бұл құжат әскери қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, спорттық жетістіктерге жаңа серпін беруді көздейді.
Меморандум аясында бірқатар жүйелі өзгеріс жоспарланған.
«Дзюдо элементтері Қорғаныс министрлігіне қарасты жоғары әскери оқу орындары мен колледждердің оқу бағдарламасына кезең-кезеңімен енгізіледі. Сонымен қатар жауынгерлік өнер элементтері Қарулы Күштердің әскери қызметшілерінің жалпы дене шынықтыру дайындығына интеграцияланады. Бұдан бөлек, халықаралық федерация мен «Жеңіс» клубының қолдауымен әскери оқу орындарының материалдық-техникалық базасы татами, кәсіби спорттық инвентарь және кимоно сияқты жабдықтармен нығайтылатын болады»,— делінген ресми хабарламада.
Ынтымақтастықтың тағы бір басым бағыты — курсанттар мен кадеттер арасында арнайы дзюдо лигаларын құру. Бұл бастама әскери жастар арасында техникалық шеберлікті арттыруға, салауатты бәсекелестікті дамытуға және дзюдоны танымал етуге септігін тигізеді.
Тараптардың пікірінше, мұндай өзара іс-қимыл әскери спортшылардың жаңа белестерді бағындыруына қосымша жігер береді.