Мұндай жетістіктер өскелең ұрпақ үшін жарқын үлгі бола алады
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы, Мемлекеттік Туы және «AMANAT» партиясының туы 6189 метр биіктікке көтерілді. Бұл миссияны аты аңызға айналған альпинист Ғалымжан Құспанов Гималайдағы Айленд-Пикте (Имяцзе) орындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстандық азаматтың Гималайдағы жетістігі мемлекеттің халықаралық деңгейдегібеделін нығайтып, оның әлемдік спорт қауымдастығындағы, соның ішінде альпинизм саласындағы ықпалды әрі беделді ойыншы ретіндегі мәртебесін айқындай түседі. Сонымен қатар мұндай жетістіктер өскелең ұрпақ үшін жарқын үлгі бола отырып, жастарға кез-келген жеңіс пен толайым табыстың өзегінде тәртіп, төзімділік және өз мемлекетінің заңдарына деген терең құрмет жататынын айқын көрсетеді. Ғалымжан Құспановтың жеке рекордтары ішкі туризмді дамытуға және ұзындығы 1200 шақырымнан асатын ұлттық туристік соқпақтар жүйесін құруды көздейтін «Алатау аманаты» партиялық жобасын кеңінен насихаттауға қуатты серпін беріп отыр.
Бұл экспедиция спортшы өміріндегі маңызды кезеңнің заңды жалғасына айналды. Бұған дейін Ғалымжан Құспанов «AMANAT» партиясының қатарына қабылданған кезде Мәжіліс Спикері, партия Төрағасы Ерлан Қошановтың қолынан Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мен партия туын алған еді. Бұл асқақ сенім альпинист үшін жай ғана рәсім емес, ең алдымен, жоғары жауапкершілікке айналды.
Айленд-Пикке көтерілу кезінде аса қолайсызауа райы әр метр сайын спортшының күш-жігерімен төзімін сынады.
«Таудың ұшар басындағы екпінді жел аяқта әрең тұрғызады. Ұйытқи соққан боран бетқаратпайды. Алда әуелі мұзға оранған, кейін жартас құрсанған 100 метр жол жатыр. Мұндай кезде не соңына дейін барасың, не кері бұрыласың. Алайда мен батыр бабаларымыздың жолын таңдадым: бір қадам кері шегінбедім», – деді Ғалымжан Құспанов.
Гималайдағы бұл жетістік спортшының әлемдік рекорд иесі ретіндегі мәртебесін бекіте түсті. Ол соңғы нүкте ретінде Мексикадағы Орисаба шыңын (5636 м) бағындырып, «7 жанартау» жаһандық бағдарламасын толық орындаған тұңғыш қазақ атанды. Бұған дейін Қазақстанның және партияның тулары Антарктиданың, Африканың және Оңтүстік Американың ең биік шыңдарында желбіреген еді.
Альпинист неліктен «AMANAT» партиясынтаңдағанын қастерлі құндылықтар үндестігімен түсіндірді: альпинизм де, еліміздің жетекші партиясы сынды іргелі іс-әрекет пен нақты нәтижені талап етеді. Партия осындай мысалдар арқылы белсенді өмір салты идеясын кеңінен дәріптеп келеді.
Ғалымжан Құспановтың экспедициялары әлі де жалғасып жатыр. Оның алдағы жоспары – Мера-пикті (6476 м) бағындыру. Ал стратегиялық мақсаты – Аляскадағы Денали шыңын бағындырып, «7 шың» бағдарламасын толық аяқтау.
«Таулар бағынады батылға! Алға, Қазақстан! Біз біргеміз!» – осы ұранмен қазақстандық нышандар дүние жүзіндегі ең биік шыңдарда салтанатты шеруін жалғастырып келеді.