Ақмола облысында жанып жатқан үйден төрт адам құтқарылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Оқиға Қосшы қаласының Жамбыл Жабаев көшесінде болған

Фото: © istockphoto.com

Ақмола облысында құтқарушылар жанып жатқан үйден төрт адамды шығарды. Төтенше жағдайға пешті пайдалану кезіндегі салғырттық себеп болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға Қосшы қаласының Жамбыл Жабаев көшесінде болған. Жер үйдің от жағатын бөлмесінде шатырдың ағаш конструкциялары тұтанған. Өрттің жалпы аумағы 10 шаршы метрді құрады. 

Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары жүргізген алдын ала тексеріс бойынша, тілсіз жаудың шығуына пешті пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы себеп болған.

Төтенше жағдайлар қызметінің жедел әрекетінің арқасында үйде болған тұрғындар дер кезінде эвакуацияланды. Құтқарылғандар қатарында үй иесі (әйел адам), 2019 және 2021 жылы туған балалар, сондай-ақ 2026 жылы туған сәби бар.
ТЖМ күштері өртті толық сөндірді. Зардап шеккендер жоқ.

«Пешті пайдалану кезінде өте сақ болу керек. Кішкентай ақаудың өзі адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін», — деп ескертеді мамандар.