«AMANAT» фракциясының Мәжілістегі жетекшісі еңбек ардагерін Жеңіс күнімен құттықтады

Автор: Дәулет Ботагөз

Жаныл Успанова – тұтас бір дәуірдің тірі куәгері

Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Айдос Сарым еңбек ардагері Жаныл Успановаға арнайы барып, Жеңіс күнімен құттықтады. Оның өмір жолы соғыс жылдарындағы ауыр еңбекпен және елді соғыстан кейін қалпына келтіру кезеңімен тығыз байланысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаныл Успанова – тұтас бір дәуірдің тірі куәгері. Ұлы Отан соғысы жылдары ол әлі бала болса да, ересектермен бірге егіс алқаптарында еңбек етті. Петропавл медициналық училищесін тәмамдағаннан кейін Сергеев аудандық ауруханасында 42 жыл бойы медбике қызметін атқарды. Саналы ғұмыры мен адал еңбегі үшін «Еңбек ардагері» атағымен және бірқатар мерейтойлық марапаттармен наградталған.

Айта кету керек, аға буынға қамқорлық жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Жеңіс күніне арналған құттықтауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі ұрпаққа аға буынның ерлігі мен жанқиярлық еңбегінің шынайы мәнін түсіндіру – бүгінгі буынның қасиетті парызы екенін атап өтті. Сонымен қатар Президент бұл мереке майдан мен тылда Жеңісті жақындатқан жандарға деген шексіз құрмет пен тағзымның белгісі екенін айтты. Қарттарға қамқорлық көрсету мемлекет саясатының маңызды бөлігі ретінде айқындалып, бұл бағытқа Президенттің сайлауалды бағдарламасында да ерекше мән берілген. «AMANAT» партиясы осы міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Кездесу барысында Айдос Сарым бүгінде ортамызда жүрген ардагерлерді құрметтеу, өмірден өткендерді ұмытпай еске алу және жастарды Отанға сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу – әр азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтті. Сондай-ақ ол елде жүзеге асырылып жатқан реформалар мен қоғамдағы оң өзгерістер туралы айтты. Өз кезегінде ардагер елдің тыныштығы мен берекесін тілеп, ақ батасын берді.

Партия ардагерлер мен қарт адамдарға жүйелі қолдауды «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында жалғастырып келеді. Былтыр партия мүшелері еліміздегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде 250-ден астам рейд өткізді. Бүгінде партияның қолдауымен Қазақстан бойынша 100 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Оларға шамамен 80 мың адам қатысады. Ардагерлер үшін 1 мыңнан астам секция мен курс ашылып, 2025 жылдың өзінде 1,2 мыңнан астам мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды.

Сонымен қатар дәрі-дәрмек жеткізу, үй жинау, пәтерлер мен аула аумақтарын жөндеу секілді нақты әлеуметтік көмек жалғыз тұратын 45 мың қарт азаматқа көрсетілді. Шалғай елді мекен тұрғындары үшін 5 мыңнан астам көшпелі дәрігерлік қабылдау ұйымдастырылды. Бұдан бөлек ескерткіштер мен мемориалдарды абаттандыру жұмысы жүргізіліп, 3,2 мың нысан қамтылды.