Қазақстанға Түркиядан өкпені жасанды желдету аппараты жеткізілді

Автор: Azattyq Rýhy

Гуманитарлық көмекті Қазақстанға Beko бренді жіберді

Фото: almaty.gov.kz

Қазақстанға Түркиядан гуманитарлық көмек ретінде 5 өкпені жасанды желдету аппараты жеткізілді,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алматы әуежайына аппарат толық жиынтығымен жеткізілді. Өкпені жасанды желдету аппаратын індетпен күресті қолдау ретінде Қазақстанға Beko тұрмыстық техникасының еуропалық бренді жіберді», - делінген хабарламада.

Ведомстводағылар әкелінген аппараттар Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына (ЖШККА) берілгенін атап өтті.

«Компания өкілдерінің хабарлауына қарағанда, биыл көктемде 120 инженерден тұратын топ бар-жоғы 2 аптаның ішінде Ыстанбұл қаласындағы Arcelik Garage - ашық инновациялық орталығында аппараттың алғашқы прототипін жобалап, тестілеуден өткізген. Маусым айының басына қарай оның Cerkezkoy electronics орталығында коммерциялық негізде ел ішіне және одан тыс жерлерге бөліп беру үшін 5000 аппарат жасап шығарған. Компанияның өкпенді жасанды тыныс алдыру аппаратын індеттің алғашқы кезеңінде вируспен күрес жүргізіп жатқан елдерге сыйға тарту ниеті бар. Аталған бастама аясында 5 аппаратты Қазақстан алды. Қазіргі уақытта, келген аппараттар кедендік тексеруден өтіп, Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына (ЖШККА) берілді», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметіндегілер.