Ол 500 мың теңгеден астам ақысын төлеуден бас тартты
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жеке сот орындаушысының іс-әрекетін заңсыз деп таныды. Тұрғын ЖСО-ның өз жұмысы үшін талап еткен 500 мың теңгеден астам ақысын төлеуден бас тартып, сотта жеңіске жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот материалдарына сәйкес, алимент өндіру туралы іс 2018 жылдан бері бірнеше сот орындаушысының қолында болған. 2022 жылы бұл іс қазіргі ЖСО-ға беріледі. 2025 жылдың желтоқсанында борышкер алимент бойынша берешегін толық өтеген соң, сот орындаушысы өз қызметі үшін қарыз сомасының 15 пайызын, яғни 529 462 теңгені өндіріп алу туралы қаулы шығарады.
Алайда, борышкер бұл шешіммен келіспей, сотқа арызданған. Оның айтуынша, ол қарыз туралы ешқандай хабарлама алмаған және берешектің уақытылы өтелмегенінен бейхабар болған.
Сот отырысы барысында жеке сот орындаушысының бұл іспен ұзақ уақыт бойы айналыспағаны анықталды. ЖСО ақшаның ұсталуын қадағаламаған және қарыз сомасын тым кеш есептеген.
Сот орындаушысы тек нақты атқарылған жұмыс үшін ғана ақы алуға құқылы. Істі жай ғана тіркеп қойып, ешқандай іс-қимыл жасамау қомақты қаламақы талап етуге негіз болмайды.
БҚО-ның мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ЖСО-ның қаулысын заңсыз деп танып, оның күшін жойды. Енді сот орындаушысы бұл соманы өндіруден бас тартуға міндетті. Сот шешімі заңды күшіне енді.