Қазақстанда кене қаптады: бір аптада мыңнан астам адам зардап шекті

Автор: Дәулет Ботагөз

Оның 45 пайызы немесе 717-сі — балалар

Фото: © istockphoto.com

Өткен аптада елімізде кене шағудың 1599 жағдайы тіркелді. Оның 45 пайызы немесе 717-сі — балалар. Ең көп шағым Алматы, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарынан түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кез келген кене ауру таратпайды, алайда оның қауіпті не қауіпсіз екенін сыртқы келбетіне қарап ажырату мүмкін емес. Ең қауіптісі — кене энцефалиті. Бұл вирус орталық жүйке жүйесін зақымдап, мүгедектікке немесе өлімге әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, кене арқылы туляремия мен Лайма ауруы, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, қайталама сүзек және риккетсиоздар сияқты жұқпалы аурулар таралады.

Кенелер сәуірден қазанға дейін белсенді. Олар тек тауда емес, қалалық саябақтарда, аулаларда және саяжайларда да кездеседі.

Сақтану жолдары

Табиғатқа шығарда қарапайым ережелерді есте сақтаңыз:

1.    Жеңі ұзын, жабық киім киіңіз. Шалбарды шұлықтың ішіне салып, ашық түсті киім таңдаңыз.

2.    Арнайы бүріккіштерді алдымен киімге, содан кейін терінің ашық жерлеріне жағыңыз. Балаларға қолданғанда, алдымен өз алақаныңызға сеуіп, содан кейін баланың терісіне жағыңыз.

3.    Серуеннен соң денеңізді, әсіресе құлақ артын, қолтық астын және бас бөлігін мұқият тексеріңіз.

Кене шағып алса, не істеу керек?

Егер кене қадалып қалса, мүмкіндігінше тез арада медициналық мекемеге жүгінген дұрыс. Ал дәрігерге бару мүмкін болмаған жағдайда кенені қысқышпен теріге мүмкіндігінше жақын жерінен ұстап, абайлап жоғары қарай шығару керек. Оған май жағуға, жұлқып тартуға немесе күйдіруге болмайды, себебі бұл инфекцияның жұғу қаупін күшейтеді. Кене алынғаннан кейін жараны антисептикпен өңдеп, қолды сабынмен мұқият жуу қажет.

Кене шаққаннан кейін 30 күн бойы денсаулығыңызды бақылаңыз. Дене қызуы көтерілсе немесе бөртпе пайда болса, дереу дәрігерге көрініңіз. Энцефалиттен қорғанудың ең сенімді жолы — вакцинация.