Олар Қопа ауылынан 35 шақырым жерде болған
Абай облысының Аягөз ауданында қыдырып жүрген Қытай азаматтары күтпеген қиындыққа ұшырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
112 пультіне Қопа ауылынан 35 шақырым жерде үш адам мінген жеңіл автокөлік батпаққа батып қалғаны туралы хабарлама түсті. Олардың екеуі Қытай азаматы болған.
Оқиға орнына ТЖМ күштері мен құралдары жедел түрде жіберілді. Туристер жіберген геолокация бойынша құтқарушылар көрсетілген ауданға жедел жетті.
Оқиға орнына барған кезде жүргізушінің көліктің жанында қалғаны, ал екі шетел азаматы көмек іздеп жаяу шығып, далалы жерде адасып кеткені анықталды.
«Құтқарушылар дереу іздестіру жұмыстарын дереу бастады. Аумақты шолып шығу үшін ұшқышсыз ұшу аппараты қолданылды. Бұл жолсыз дала жағдайында және бағдар беретін нысандардың шектеулі болуына қарамастан іздеуді жедел жүргізуге мүмкіндік берді», – делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.
Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде туристер жақын маңдағы шаруа қожалығының маңындағы дала аумағынан табылды. Үш азамат та аман-есен құтқарылды. Медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.