«Төмен пайызбен 200 млн теңгеге дейін субсидия беріледі»: «Бәйтерек» холдингі «Іскер аймақ» жобасын жүзеге асырып жатыр
Жалпы жобаның құны 1,2 трлн теңгеге жетпек
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі өңірлердегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жаңа қолдау тетіктерін кезең-кезеңімен кеңейтіп келеді. Осы бағыттағы негізгі бастамалардың бірі – ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардағы бизнеске серпін беруді көздейтін «Іскер аймақ» бағдарламасы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бағдарлама микро және шағын бизнесті жеңіл қаржыландыру арқылы қолдауға бағытталған. «Бәйтерек» ҰИХ басқарма төрағасы Рустам Қарагойшиннің айтуынша, бұл тетік өңірлердегі экономикалық белсенділікті арттырып, жергілікті өндірісті дамытуға мүмкіндік береді.
Рустам Қарагойшин микро және шағын бизнеске арналған жеңілдетілген қаржыландыру тетігі туралы айта отырып, бағдарламаның негізгі шарттарын түсіндірді. Оның айтуынша, қолдау шаралары кәсіпкерлер үшін несиеге қолжетімділікті арттыруға және қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған.
«Бағдарлама аясында микро және шағын кәсіпкерлерге 200 миллион теңгеге дейін қаржы беріледі. Оның ішінде «Даму» қоры тарапынан 85 пайызға дейін кепілдік қарастырылған. Қазіргі нарықтағы жоғары пайыздық мөлшерлемелерді ескере отырып, бағдарлама аясында несиелер субсидияланып, кәсіпкер үшін тиімді деңгейге түседі», - деді Рустам Қарагойшин Үкімет кулуарында.
Оның айтуынша, мұндай тетік тек қаржы көлемін ұлғайтып қана қоймай, банктер мен мемлекет арасындағы тәуекелді бөлісу арқылы кәсіпкерлердің несие алу мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен бірге субсидиялау механизмі шағын бизнеске инвестициялық жобаларды іске асыруға қосымша серпін береді және жаңа өндірістердің ашылуына жағдай жасайды.
Оның айтуынша, бағдарлама өңірлермен бірлесіп жүзеге асады.
«Аймақтардың ұсынысына сәйкес түрлі басым салалар қамтылады. Олардың қатарында тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, тері мен жүн өңдеу сияқты бағыттар бар. Сонымен бірге өңірлердің ерекшелігіне қарай өзге де салалар қосылуы мүмкін. Жоба барлық өңірде іске асады. Дегенмен Алматы мен Астана қалаларында бөлек тетіктер қарастырылған, ал ауылдық аймақтарда және өзге өңірлерде толық форматта жұмыс істейді», - дейді Қарагойшин.
Оның айтуынша, бағдарлама өңірлердің экономикалық құрылымын ескеріп жасалғандықтан, әр аймақ өзіндегі басым бағыттарды дербес ұсына алады. Бұл тәсіл жергілікті өндірісті дамытуға және аймақтық ерекшеліктерге сай кәсіпкерлікті қолдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ірі қалалар мен ауылдық аумақтардың экономикалық айырмашылықтары ескеріліп, қаржыландыру мен қолдау тетіктері де соған сәйкес бейімделген. Осылайша, бағдарлама біркелкі емес, әр өңірдің нақты сұранысына негізделген икемді жүйе ретінде іске асырылады.
Бағдарлама 2028 жылға дейін жалғасып, жалпы шамамен 1,2 триллион теңге көлемінде қолдау көрсету жоспарланып отыр.
«Бағдарламаның ерекшелігі кәсіпкерлерге пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы жеңіл қаржыландыруға қол жеткізуді көздейді және бірыңғай жүйелі тәсілді енгізуді қарастырады. Бағдарламада «Ауыл аманаты» және «Бір ауыл – бір өнім» бастамаларына қатысушыларға ерекше назар аударылады. Қаржыландыру екі бағыт бойынша бөлінеді: қаражаттың 30%-ы Абай, Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарына, ал 70%-ы Астана мен Алматы қалаларын қоспағанда, өзге өңірлерге бағытталады», - дейді ол.
Ол атағандай, қазіргі уақытта алғашқы жобалар мақұлданып, кәсіпкерлер үшін орташа мөлшерлеме 22%-дан 13,2%-ға дейін төмендеген.
«Қолдау алған жобалар қатарында аяқ киім өндірісін кеңейту, күнбағыс майын шығару, сондай-ақ болат конструкциялар мен құрылыс торларын өндіру бар. Бір жоба бойынша қаржыландырудың ең жоғары көлемі 200 млн теңгеге дейін жетеді. Қаражат инвестициялық мақсаттарға және айналым қаражатын толықтыруға бағытталуы мүмкін. Сыйақы мөлшерлемесі Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесіне 4% қосу арқылы есептеледі, ал субсидиялау номиналды мөлшерлеменің 40%-ын жабады. Қарыз алушы үшін түпкілікті мөлшерлеме кемінде 13,2% деңгейінде белгіленген. Субсидиялау мерзімі – 3 жылға дейін», – деді Рустам Қарагойшин.
Оның айтуынша, қазіргі таңда бағдарламаға екінші деңгейлі алты банк және төрт лизингтік компания қатысып жатыр.
«Алдағы уақытта қаржы ұйымдарының тізімі кеңейеді. Қаржылық қолдаудан бөлек, кәсіпкерлерге жалға беру жеңілдіктері мен оқыту сияқты қаржылық емес қолдау шаралары да ұсынылады. Онлайн оқыту курстары «Даму» қорының ресми сайтында жарияланған. Алыс елді мекендер үшін жылжымалы фронт-офистер іске қосу жоспарланған», – деді ол.
Жалпы, 2026 жылы холдинг экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемін 8 трлн теңгеге дейін сақтауды жоспарлап отыр. Оның ішінде 3,9 трлн теңге ірі инвестициялық жобаларды тікелей қаржыландыруға бағытталады, ал 4,1 трлн теңге кепілдендіру, сақтандыру, субсидиялау және шартты қаржыландыру құралдары арқылы жүзеге асырылады. Бұл қаражаттың жартысынан астамы екінші деңгейлі банктер арқылы беріледі.
Өткен жылмен салыстырғанда банктерді қолдау көлемі 3,1 трлн теңгеден 4,1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылған. Ұлттық банктің дерегіне сәйкес, екінші деңгейлі банктердің несие портфелі 43,4 трлн теңгені құрап отыр. Оның ішінде 25,1 трлн теңге – халыққа берілген кредиттер, 18,3 трлн теңге – бизнеске берілген несиелер. Соның 2,5 трлн теңгесі холдингтің қолдау тетіктері арқылы қаржыландырылған.
2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша холдингтің жиынтық қолдау көлемі 77 трлн теңгеге жеткен. Бұл елдегі жалпы несие портфелінің шамамен 14 пайызын құрайды.
Жедел деректерге сәйкес, холдингтің қолдауы нәтижесінде 2025 жылы 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 140 мыңнан астам жұмыс орны сақталған. Сонымен қатар 596 млрд теңге көлемінде салық түсімдері қамтамасыз етілген.
Инвестиция тарту жүйесінде шамамен 1 мың жобаны қамтитын экожүйе моделі қолданылады. Бұл жүйе аясында холдинг инвестициялық жобалардың сапасы мен тиімділігіне сараптама жүргізіп, қаржыландыру тетіктерін айқындайды.