Күдіктілер қолға түсті
Астанада экологиялық талаптарға сай келмейтін жүк көліктерін елге заңсыз әкелудің ірі схемасы әшкереленді. Тергеу мәліметінше, жалған сертификаттар арқылы «Евро-2» санатындағы техникалар «Евро-5» ретінде рәсімделіп, кейін жүздеген миллион теңгеге сатылған. Қаржылық мониторинг агенттігі бұл істің қоршаған ортаға да, мемлекеттік сатып алу саласына да елеулі зиян келтіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу амалдарына сай, бір топ адам бақылауындағы компаниялар арқылы «Евро-2» экологиялық класына жататын FAW маркалы жүк көліктерін Қазақстан аумағына заңсыз импорттауды ұйымдастырған. Импорт қолданыстағы «Евро-4»-тен төмен стандарттағы техниканы әкелуге тыйым салынғанына қарамастан орындалған.
Техника Қытай Халық Республикасынан сыртқы экономикалық келісімшарттар негізінде жеткізіліп, кейін кедендік рәсімдеу кезінде жалған мәліметтер пайдаланылған. Атап айтқанда, көлік құралдарының қауіпсіздік сертификаттары (СБКТС) қолдан жасалып, онда әдейі «Евро-5» экологиялық класс көрсетілген.
Нәтижесінде Қазақстан аумағына 20 бірлік арнайы техника заңсыз әкелінген. Олардың жалпы кедендік құны 284 млн теңгеден асқан. Кейін бұл техника байланысы бар компаниялар тізбегі арқылы сатылып, мемлекеттік сатып алу аясында 600 млн теңгеден астам сомаға жеткізілген.
«Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне: 9 автокөлік пен бір пәтерге тыйым салынды. Күдіктілердің бірі қамауға алынды, ал оның екі сыбайласына қатысты елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Өзге мәліметтер ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді. Айта кету қажет, экологиялық стандарттарға сай келмейтін көліктерді заңсыз әкелу қоршаған ортаға елеулі зиян келтіреді. «Евро-2» класына жататын техника «Евро-4» және «Евро-5» стандарттарына қарағанда әлдеқайда көп зиянды заттар бөліп, ауа сапасының нашарлауына және халық денсаулығына қауіп төндіреді», – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.