Құрылтайдың этикасын бұзған депутаттар бір немесе үш отырыс бойы сөз сөйлей алмайды, сауал жолдай алмайды

Автор: Аягөз Құрмаш

Олар үшін сөз сөйлеу құқығы да шектелуі мүмкін

Фото: freepik.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым «Қазақстанда депутаттарға қатысты қандай да бір шаралар, отырыстар немесе айыппұлдар енеді» деген пікірлерге қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, айыппұл салу қарастырылмаған, бірақ орнына бірнеше тәртіптік жаза болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Олардың қатарында полицияның араласуы, сондай-ақ депутатты бір немесе үш отырыс бойы сөз сөйлеу құқығынан айыру сияқты шаралар бар. Бұл – парламенттік тәртіпті сақтауға және жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды институт ретінде қарастырылады. Сөзден айыру дегеніміз – депутатқа отырыс кезінде сөз берілмейді, яғни ол сұрақ қоя алмайды және депутаттық сауал жасай алмайды. Қарапайым тілмен айтқанда, оған сөз кезегі берілмейді», – деді депутат Парламент палаталарының бірлеске отырысының кулуарында.

Сарымның айтуынша, мандаттан айыру мәселесі екі жағдайда қарастырылуы мүмкін.

«Біріншіден, егер сайлау партиялық жүйе арқылы өтсе, партия өз депутатын кері шақырта алады. Бұл – депутат партияның ұстанымдарын орындамаған немесе партия беделіне нұқсан келтірген жағдайда жүзеге асады. Екіншіден, егер азамат қылмыс жасаса, құқық қорғау органдары оны ұстап, прокуратура мен Орталық сайлау комиссиясының қатысуымен заңды рәсімдер жасалады. Мұндай жағдайлар нақты заңмен реттелген. Сонымен қатар депутаттардың қызметі мен мінез-құлқы партия ішінде де бағаланып отырады. Егер партия депутаттың тиімді жұмыс істеп жатқанын және ережелерді бұзбағанын анықтаса, ол мандатты сақтау мәселесін өзі шешеді», – дейді депутат.