Ақтауда жасөспірім қыз терезеден секіріп кетпек болды: оны полицей құтқарып қалды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Терезе алдында отырған жасөспірім қызға қатысты полиция түсініктеме берді

Фото: Lada.kz

Ақтау қаласында түнгі уақытта 33-шағынаудандағы көпқабатты үйлердің бірінде терезе алдында қауіпті жағдайда отырған кәмелетке толмаған қыз баланың әрекеті жұртты шошытты. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Полиция департаментінің ресми мәліметінше, 7 мамыр күні сағат 01:49 шамасында «102» арнасына өтіп бара жатқан тұрғыннан кәмелетке толмаған қыздың терезе жанында тұрғаны және қауіпті жағдайда болуы мүмкін екені туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына «Мираж-15» экипажының инспекторлары Оспан Тәңірбергенов пен Нұрқожа Жаулыбай жедел жеткен. Полицейлер құтқарушылармен бірлесіп автосаты мен арнайы техниканың көмегі арқылы пәтерге кірген.

Ведомство мәліметінше, тексеру барысында кәмелетке толмаған қыз баланың терезе жанында тұрғаны анықталғанымен, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін белгілер болмаған. Соған қарамастан, төтенше қызмет өкілдері ықтимал қауіптің алдын алу үшін профилактикалық шаралар қабылдаған.

Оқиғадан кейін қыз ата-анасына тапсырылды. Сондай-ақ полиция оқиға туралы дер кезінде хабар берген азаматқа алғыс білдірді.