Парламент президент жайлы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Автор: Аягөз Құрмаш

Заң жобасы бойынша арнайы комиссия құрылды

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңының жобасы туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан қосымша баяндама жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Заң жобасы Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес президенттің заңнамалық бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы жолдауымен Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілген болатын. Конституциялық заңның жобасы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы вице-президентінің құқықтық жағдайын айқындайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік билік субъектілеріне қатысты Президент өкілеттіктерін регламенттейді», – деді Әшімжанов.

Депутат атағандай, Қазақстан президенті – Мемлекет басшысы, мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын жоғары лауазымды тұлғасы болып табылады және ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстан атынан өкілдік етеді.

«Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституция мызғымастығының, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының символы әрі кепілі болып қала бермек. Қазақстан Республикасының вице-президентін Құрылтайдың келісімімен Президент қызметке тағайындайды және Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде оның атынан өкілдік етеді. Заң жобасына сәйкес Президент Бас Прокурорды, Конституциялық Соттың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Жоғары аудиторлық палатаның, Орталық сайлау комиссиясының, Ұлттық Банктің төрағаларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді және Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын жеке өзі тағайындайды», – деді ол.

Президент Құрылтаймен келісу бойынша вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық Соттың 10 судьясын, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, сондай-ақ Жоғарғы Соттың судьяларын тағайындайды және сайлайды.

«Өкілеттіктердің осылайша бөліну тәртібін орынды деп есептейміз, өйткені Президентіміз елдің даму векторларын айқындайтын Мемлекет басшысы бола отырып, аталған органдардың басшыларын белгіленген стратегиялық бағытқа сүйеніп тағайындайды. Конституциялық заңмен бекітілген барлық мемлекеттік билік субъектілері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату және тежеулер мен тепе-теңдіктер жүйесін бір мезгілде нығайту функциялардың қайталануын болғызбауға және мемлекеттік басқарудың жеделдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Бұл  әлемдегі және ел ішіндегі қазіргі жағдайға байланысты ерекше өзекті болып отыр.Жалпы, бұл заң жобасы қолданыстағы Конституциялық заңмен белгіленген құқықтық реттеудің негізгі қағидаттарының сабақтастығын сақтап қалды», – деді Әшімжанов.

Парламент «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Парламент палаталарының заң жобасы бойынша бірлескен комиссиясының құрамына Мәжілістен депутаттар Жанарбек Әшімжанов, Серік Ерубаев, Павел Казанцев және Үнзила Шапақ, ал Сенаттан Бибігүл Жексенбай, Сергей Карплюк, Марат Қожаев, Андрей Лукин кірді. Комиссия төрайымы болып Үнзила Шапақ сайланды.