Әділет министрі барлық тетіктерді түсіндірді
Мәжіліс бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасын қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру мақсатында әзірленген «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасы бойынша баяндама жасады.
Өз сөзінде Ерлан Сәрсембаев заң жобасы «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» конституциялық формуласына негізделген мемлекеттік басқарудың заманауи әрі орнықты моделін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
«Жоба мемлекеттік биліктің жаңартылған конституциялық архитектурасы жағдайында президент мәртебесін, өкілеттіктерін және қызмет тетіктерін жүйелі түрде айқындайды. Заң жобасында президенттік институтқа қатысты бұрын енгізілген демократиялық шектеулер, оның ішінде Президент өкілеттігінің жеті жылдық бір реттік мерзімі, Мемлекет басшысының партияда болмауы туралы талаптар, сондай-ақ оның жақын туыстарына қатысты шектеулер сақталады. Сонымен қатар заң жобасында Президенттің Құрылтаймен, Үкіметпен, Қазақстан Халық Кеңесімен және Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен өзара іс-қимылының жаңа конституциялық тетіктері бекітіледі», – деді минстр.
Заң жобасының негізгі жаңалықтарының бірі – Қазақстан Республикасы вице-президенті институтын енгізу.
«Вице-президентті Құрылтайдың келісімімен тағайындау тәртібі, кандидатқа қойылатын біліктілік талаптары, өкілеттіктерін тоқтатудың негіздері, сондай-ақ мемлекеттік биліктің жоғары органдары қызметінің тұрақтылығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағытталған негізгі функциялары көзделеді. Бұдан бөлек, заң жобасында Президент актілеріне қатысты мәселелер реттеледі, оның ішінде Конституцияда көзделген жағдайларда заң күші бар жарлықтар шығару мүмкіндігі қарастырылады. Бұл конституциялық кепілдіктерді сақтай отырып, мемлекеттік басқарудың үздіксіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Конституциялық заңды қабылдау президенттік институтты одан әрі жетілдіруді, мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын нығайтуды, саяси жаңғыртуды дамытуды және Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына сәйкес әділеттілік, заңдылық және құқық үстемдігі қағидаттарын іске асыруды қамтамасыз етеді.