Жаңаөзен қалалық ауруханасының бас дәрігері көз жұмды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол коронавирусты пневмониядан қайтыс болды

Фото: ашық дереккөзден

Жаңаөзен қалалық ауруханасының бас дәрігері Мұрат Сарыев коронавирусты пневмониядан қайтыс болды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұрбол Окуов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасының директоры Мұрат Жарылғапұлы Сарыев көз жұмды. Әлемді дүрліктіріп, алаңдатып отырған індет жаны жайсаң жандарды ортамыздан алып кетуде. Бүгін де қабырғамызды қайыстырған қайғылы жағдай болып отыр. Медицинаның дамуына елеулі үлес қосып, талай науқасты өлім аузынан алып қалған дәрігер арамыздан кетіп қалды. Мұрат ағаммен таныстығым осыдан 10 жыл бұрын Жаңаөзенде басталған еді. Ол кезде ағамыз қалалық мәслихаттың хатшысы болатын. Ағалық қамқорлығын білдірген кездері көп болды. Кейбір мәселелер бойынша ақылдасуға барғанымда, үнемі уақыт табатын. Ешқашан жоқ демейтін. Қош болыңыз, Мұрат аға!», - деді ол.

Айта кету керек, Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандар саны 585 адамға жетті.