Таразда рейд тобын көрген мейрамхана иесі 40 адамды VIP-кабинкаға жасырған
Рейд нәтижесінде бір түнде шамамен 2 млн теңге айыппұл салынды
Жамбыл облысында карантиндік шаралардың сақталуын бақылау күшейтілуде. Күн сайын әкімдік, полиция, санитариялық қызмет, қоғам және БАҚ өкілдері енген мобильді топтар көңіл көтеру орындарына рейдтер өткізіп, карантин режимін бұзушыларды анықтап жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Тараз қаласындағы қонақ үйлердің бірінде карантин талаптарының бұзылуы анықталған. Онда бір топ адам спиртік ішімдік ішіп, бассейнге түсіп демалған. Сонымен қатар облыс орталығындағы мейрамханалардың бірінде мекеме басшылығы рейд тобын көре сала, 40-қа жуық клиентті үш VIP-кабинкаға жасыруға тырысқан. Нәтижесінде олардың ауру жұқтыру қаупін жоғарылатқан. Тексерушілерге есіктерді ашу үшін құтқарушылардың көмегіне жүгінуге тура келген», - делінген хабарламада.
Рейд нәтижесінде бір түнде шамамен 2 млн теңге айыппұл салынып, хаттамалар толтырылды.
«Қазіргі эпидемиологиялық жағдай халықтың карантин шараларын барынша ұстануға міндетті екендігін көрсетуде. Күн сайын көптеген адам коронавирустың құрбанына айналуда. Олардың ішінде өзіміздің туыстарымыз, достарымыз бен таныстарымыз да болуы мүмкін. Әр адам өз әрекеті үшін жауап беруі керек. Өзімізді сақтап, айналамызға қауіп төндірмеуіміз керек. Біз олар үшін жауапкершілігімізді сезінуіміз тиіс», - дейді Жамбыл облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ғазиз Надуев.