Алматыда Отан қорғаушы күніне орай Мемлекеттік Ту салтанатты түрде көтерілді

Автор: Дәулет Ботагөз

Салтанатты шараға қала басшылығы мен әскери бөлім өкілдері қатысты

Фото: Алматы әкімдігі

Бүгін, Отан қорғаушылар күніне орай, Алматыдағы «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінде Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтті. Салтанатты шараға қала басшылығы мен әскери бөлім өкілдері қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі әскери үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталды. Шараға Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, әскери бөлімдер мен құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ үкіметтік емес және жастар ұйымдарының белсенділері қатысты.

Бұл рәсім қаланың ең биік нүктелерінің бірінде өтіп, мерекенің айбынын асыра түсті.

Мерекелік шара одан әрі 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы паркте концерттік бағдарламамен жалғасты. Концерт Алматы қаласы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі мен «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің орындауындағы «Ұлы елім» әнімен ашылды. Сахнада отандық эстрада жұлдыздары патриоттық әндер шырқап, халықтың рухын көтерді. Көрермен назарына қазақ батырлары туралы театрландырылған қойылымдар мен патриоттық хореографиялық композициялар ұсынылды.

Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік шаралар қаланың басқа да аудандарында жалғасып жатыр.