Оның басты ерекшелігі – дәстүрлі оқыту үлгісінен толықтай бас тартуында
Қостанай облысында цифрлық білім беруді дамытуға бағытталған бірегей жоба іске қосылды. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің базасында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен телекөпір аясында Tomorrow School инновациялық IT-мектебінің ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Tomorrow School — бұл заманауи білім беру жобасы. Оның басты ерекшелігі – дәстүрлі оқыту үлгісінен толықтай бас тартуында. Мұнда мұғалімдер жоқ. Дәріс оқылмайды және баға қойылмайды.
Оқу процесі Peer-to-Peer қағидасына негізделген. Қатысушылар материалды өз бетінше меңгеріп, тәжірибе алмасады және практикалық тапсырмаларды бірлесе орындайды. Бұл формат IT-саласындағы ең қажетті дағдыларды тиімді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жоба Astana Hub экожүйесі аясында Alem.ai Foundation корпоративтік қорының қолдауымен және халықаралық 01 Edu платформасы негізінде жүзеге асырылуда.
Бағдарламаның негізгі артықшылықтарының бірі — білім алу үшін ақы төлеудің қажеті жоқ. Оған 18 жастан асқан барлық ниет білдіруші қатыса алады. Бағдарламалаудан хабары жоқ адамдар да өз бағын сынап көре алады. Сонымен қатар кампус тәулік бойы жұмыс істейді, бұл әр қатысушыға өз уақытын еркін жоспарлауға мүмкіндік бермек.
Оқу бағдарламасы бағдарламалаудың негіздерінен бастап, күрделі бағыттарға дейінгі толық циклді қамтиды. Барлық тапсырма IT-индустриясындағы нақты кейстерге барынша жақындатылған.
Қатысушылар тек код жазып қана қоймай, топта жұмыс істеуді және тапсырмаларды өзара тексеру арқылы білімді бекітуді үйренеді.
Бұл жобаның іске қосылуы өңірдегі IT-экожүйені дамытуға және цифрлық технологиялар саласындағы мамандардың жаңа буынын даярлауға серпін бермек.