Экология министрлігі Көбейтұз көлін қорғау шараларын қабылдайды

Автор: Azattyq Rýhy

Қабылданған шаралар туралы кейінірек хабарланады

Фото: ашық дереккөзден

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Көбейтұз көлін қорғау шараларын қабылдайды. Бұл туралы министрліктің баспасөз хатшысы Самал Ибраева жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Жақында туристердің көлді ластауы және табиғи тұзды әкетуге тыйым салынуы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігін алаңдаушылығын туғызып отыр. ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов бүгін көлге арнайы тексеріспен барды. Соңғы уақытта қазақстандықтардың Ақмола облысындағы бірегей, ағынсыз тұзды Көбейтұз көліне жаппай баруына байланысты тоғанның тұрмыстық қоқыстарға толуы мен ондағы табиғи тұзды рұқсатсыз алып кету оқиғасы, сондай-ақ алау жағып, суы қорғалатын аймақта уақытша құрылыстардың көбеюі​ жиілеген. Осыған орай, Қазақстанның Экология министрлігі көлге келушілерге заңға сәйкес тиісті әкімшілік жаза бар екенін ескертеді. Көлге шомылудың белгіленген тәртібін, санитарлық норманы және экологиялық заңнаманы бұзушылар жазаға тартылады. Айыппұл да көзделген», - деп жазды Самал Ибраева.

Ол Көбейтұз көлі бірегей табиғи көл екенін, әлемде мұндай көл бар болғаны 8 ғана екенін атап өтті.

«Көл жылына бірнеше рет қызғылт түске боялып отырады. Судың қызғылт реңкке боялуына негізінен тұзды теңіздерді мекендейтін біржасушалы дуналиелла сортаңды су балдыры әсер етеді деп саналады. Демек, көлдің тұзды болуының арқасында бұл балдырлар пайда болған. Табиғат жаратқан ғажайыбына тағылық қарым-қатынас жасау мен кейбір адамдардың жауапсыз әрекеті көлдің суалуына, кейіннен жойылуына әкелуі мүмкін. Көл теңіз деңгейінен 253 м биіктікте, Ақмола облысы Ерейментау ауданының Өлеңті ауылдық округінің аумағында орналасқан. Көлдің ауданы - 690 га, тереңдігі - 1,5 м. ҚР Экология министрлігі қазақстандықтарды табиғатты аялауға шақырады! Тек біздің бірлескен іс-қимылымыз бен экологиялық сана-сезіміміз табиғаттың байлығын сақтауға көмектеседі!», - деді ол.

Экология министрлігі Көбейтұз көлін қорғау үшін қатаң әрі шұғыл шаралар қабылдауға ниетті. Қабылданған шаралар туралы кейінірек хабарланады.

Тегтер: