Блогерді ҚМА іздеуге жариялаған
Өзінің әлеуметтік желісі арқылы құмар ойынды жарнамалап, Вьетнамда ұсталған блогер Қайсар Қамзаға қатысты құқық қорғау органдары түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күні кеше блогер тікелей эфирге шығып, ұсталмағанын, тек паспортын алып қойғанын айтқан еді. Жақын арада Қазақстанға өз еркімен оралатынын да айтқан. Мәжілістің кулуарында ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов аталған блогерге қатысты іздеуді қаржылық мониторинг органдарына жариялағанын айтты.
«Оны Қазақстанға қайтару мәселесі бойынша Бас прокуратурамен өзара жұмыс жүріп жатыр», – деді ол.
Айта кетейік, Қайсар Қамза – әлеуметтік желілерде кеңінен танымал блогер. Оның Instagram парақшасында 2,6 миллионнан астам оқырманы бар, ал TikTok-тағы жазылушыларының саны 340 мыңнан асады. Өзін тревел-блогер ретінде таныстыратын ол көбіне шетелдерде жүріп түсірілген контент жариялап келеді. Сонымен қатар, блогер бірқатар отандық фильмдерге де түскен.
Бұған дейін блогердің Үндістанға жасаған сапары кезінде түсірілген видеолары қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Кадрларда оның бейәдеп сөздер айтып, жергілікті тұрғындарға дөрекілік танытқаны байқалып, әлеуметтік желі қолданушыларының сынына ұшыраған.
Құзырлы органдар істің егжей-тегжейін тергеу аяқталған соң ғана жария етпек.