Мәжіліс жаңа құжатты бірінші оқылымда мақұлдады
Мәжіліс «Топырақты қорғау туралы» депутаттық заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құжаттың негізгі мақсаты – топырақты басқару, қорғау және оның құнарын сақтау мәселелерін бірыңғай заң аясында жүйелеу. Сондай-ақ жердің тозуына жол бермеу үшін тұтас құқықтық база қалыптастыру көзделіп отыр.
Заңға топырақ сапасын сақтау мен нашарлатпауға бағытталған талаптар енеді. Соның ішінде «топырақ» ұғымы нақты айқындалып, ол кеңірек «жер» түсінігінен бөлек қарастырылады. Бұл топырақты қорғау және ұтымды пайдалану бойынша жеке тетіктерді бекітуге мүмкіндік береді.
Құжатта жергілікті атқарушы органдардың құзыреті де нақтыланған. Атап айтқанда, олар өңірлік деңгейде топырақты қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлеп, олардың орындалуын қамтамасыз етуге жауапты болады. Заң жобасы аясында ғылыми зерттеулердің басым бағыттары белгіленеді. Бұл саладағы жүйесіздік пен бытыраңқылықты жою көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, топырақтың құнарлылығын сақтау және қалпына келтіру бойынша міндетті талаптар енгізіледі. Атап айтқанда:
Сонымен қатар, топырақты су басу, батпақтану, тұздану, тозу, құрғау және тығыздалудан қорғау талаптары бекітіледі. Тозған жерлерді қалпына келтіру шаралары да қарастырылған.
Құжатта заманауи мониторинг құралдарын енгізу де көзделген. Атап айтқанда, топырақ деградациясын болжау модельдерін жасау, жерді қашықтан зондтау деректерін пайдалану, сондай-ақ топырақ жағдайын талдау мен картаға түсіру үшін жасанды интеллект технологияларын қолдану жоспарланып отыр.
Қазіргі кезеңде заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Оны әрі қарай талқылау барысында нақты нормалар мен тетіктер толықтырылуы мүмкін.