Атырауда полиция қызметкері таңғы уақытта ер адамды өрттен құтқарып қалды

Автор: Асыл Арман

Оқыс оқиға 4 мамыр күні таңғы сағат 07:15 шамасында болған

Фото: Видеодан скрин

Атырау облысында Полиция департаментінің Ғимарат күзету взводы командирінің орынбасары полиция лейтенанты Рустам Қанатов 4 мамыр күні таңғы сағат 07:15 шамасында қызметіне бара жатып, адам өмірін аман алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол таксимен келе жатып, жол бойында үйлердің бірінің шатырынан қою түтін шығып жатқанын байқайды. Қауіпті бірден түсініп көлікті тоқтатып, қоршаудан секіріп, аулаға кіреді. Аулада екі үй орналасқан, алайда өрт шыққан үйдің есігі құлыптаулы болған.

Сол сәтте екінші үйдің иесі сырттағы дауысты естіп, көмекке шығады. Екеуі бірігіп, есікті ашып, ішінде ұйықтап жатқан ер адамды сыртқа алып шыққан.

«Полиция қызметкері дереу өрт сөндірушілерді шақырып, жағдайды бақылауға алады. Дер кезінде құтқарылған азаматтың жағдайы жақсы, медициналық көмек қажет болмаған. Алдын ала мәлімет бойынша өрт үйдің жылыту жүйесінен шыққан. Оқиғадан кейін Рустам Қанатов кері такси шақырып, қызметіне жеткен», – делінген ПД хабарламасында.