Кеменің ұзындығы – 51 метр
Орал қаласында Отан қорғаушылар күніне орай Қазақстан тарихындағы ең үлкен кеме суға түсірілді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Кеме президент тапсырмасымен Қорғаныс министрлігінің қажеттілігі үшін жасалған. Оған мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев есімі берілді.
Бұл – жанармай мен азық-түлік тасымалдауға арналған көпфункциялы танкер-кеме. Қазір ол Ақтау қаласына бағыт алды. Кеменің мачтасы кейінірек орнатылады, себебі ол Каспийге дейінгі жолда көпірлердің астынан өтуге кедергі келтіреді. Экипаж құрамында шамамен 30 адам бар.
Кеменің салмағы – 720 тонна, ұзындығы – 51 метр, ені – 9,5 метр. Ол 16 торап жылдамдыққа дейін жетіп, 8 баллға дейінгі дауылға төтеп бере алады. Бұл кеме – «Зенит» зауыты шығарған 37-ші су көлігі.