Өрт шығып, артынша цех құрылымдары қирап қалған
Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазцинк» зауыты аумағындағы жарылыс туралы толық мәлімет жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, «Қазцинк» қорғасын зауытының аумағындағы электролиз цехының балқыту бөлімінде шаң ұстау құрылғысы жарылып, кейіннен өрт шықты.
Құтқарушылар келген сәтте өртеніп жатқан. Өрт сөндірушілер 120 шаршы метр алаңдағы өртті толық сөндірді. Сондай-ақ цех құрылымдары 220 шаршы метр аумақта қираған.
Оқиға салдарынан 7 адам зардап шекті: 2-еуі қаза тауып, 2-еуі ауруханаға жатқызылып 3 адам үйіне жіберілді.
«Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Апат салдарын жоюға шамамен 80 адам жеке құрам, 18 техника бірлігі, командалық-штабтық машина, ТЖМ ұшқышсыз ұшу аппараты, кинологиялық есептоптар және Апаттар медицинасы орталығының бригадасының дәрігерлері жұмылдырылды. Қазіргі уақытта үйінділерді аршу жұмыстары жүргізілуде. ТЖД-да жедел желі телефоны жұмыс істеп тұр: 8 (7232) 55-38-19», – делінген хабарламада.