Олардың барлығы бір уақытта жөнделіп жатыр
Ақмола облысында көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүріп, өткен жылдағы жұмысын қорытындыланды. Сондай-ақ алдағы маусымға арналған нақты жоспарлар айқындалды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков сапалы жолдар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты факторларының бірі екеніне баса назар аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өткен жылы облыс көлемінде 900 шақырымнан астам жол жөнделіп, жаңғыртылды. Жөндеу жұмыстары тек ірі республикалық маңызы бар бағыттармен шектелмей, ауыл ішіндегі көшелерді де қамтыды. Атап айтқанда, «Астана – Қорғалжын» және «Көкшетау – Рузаевка» бағыттарындағы жолдар жаңарып, Талапкер, Қоянды, Қараөткел ауылдары мен Атбасар, Державинск, Зеренді сияқты аудан орталықтарын қоса алғанда, жалпы саны 57 елді мекенде жаңа асфальт төселді.
«Біз ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген жол учаскелерін кезең-кезеңімен қалпына келтіріп келеміз. Биыл бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Тек басталған жобаларды аяқтап қана қоймай, елорданы еліміздің батыс өңірлерімен байланыстыратын ірі “Орталық–Батыс” көлік дәлізін іске асыруға дайындық жүріп жатыр», – деді Владимир Кулаков.
Биыл алдын ала жүргізілген шаралардың тиімділігі байқалған. 100-ден астам су өткізу құбыры орнатылып, жөнделген, соның арқасында трассаларда су басу жағдайлары едәуір азайған. Қазіргі таңда зақымданған жол учаскелерінің барлығы толық қалпына келген. Сонымен қатар өңірде теміржол вокзалдарын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Ақмола облысы бұл бағытта республика бойынша көш бастап тұр – бірден 16 елді мекенде вокзалдарды жаңарту жұмыстары қатар жүріп жатыр.
Көкшетау, Макинск, Щучье және Жақсы станцияларында құрылыс жұмыстары 97 пайыздан асса, Атбасар, Есіл, Ақкөл және Державинск қалаларында ескі ғимараттар толық сүріліп, олардың орнына заманауи талаптарға сай жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Спикердің сөзінше, өңірдегі вокзалдардың басым бөлігі өткен ғасырдың ортасында салынғандықтан, олардың негізгі құрылымдары тозған. Қазіргі уақытта бұл нысандарда 300-ден астам жұмысшы еңбек етіп жатыр.
«Біздің мақсат – жолаушыларға қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасау. Вокзалдардың ішкі инфрақұрылымы ғана емес, вокзал маңындағы аумақтар да толық жаңартылып, заманауи сервис талаптарына сай болады. Барлық нысандарды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр», – деп атап өтті Владимир Кулаков.
Жалпы алғанда, жолдар мен вокзалдарды кешенді жаңғырту өңір ішіндегі көлік қатынасын айтарлықтай жақсартып, сапарлардың қауіпсіздігі мен жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өмір сапасын көтеріп қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығын да арттырады. Заманауи көлік инфрақұрылымы – экономиканың тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын жақсартудың маңызды кепілі болып қала бермек.