Оның ішінде 100 килограммнан астам бекіре тұқымдас балық және 1 килограмм бекіре уылдырығы бар.
Атырау облысында браконьерлерден 3 тоннадан аса балық тәркіленді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, «Бекіре-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғалы бері балықтың заңсыз айналымы бойынша 152 адам ұсталды. Олардың жетеуіне қатысты қылмыстық істер қозғалды. Тағы 19 адамнан ау құралдары мен жүзу құралдары тәркіленді. Браконьерлерден жалпы 3 тонна 771 килограмм балық алынды. Оның ішінде 148 килограмм бекіре тұқымдас балық және 1 килограмм бекіре уылдырығы бар.
Атырау – Ақтөбе – Астрахань тасжолында полицейлер «ГАЗель» автокөлігін тоқтатты. Оның жүк бөлігінен 3 тонна 278 килограмм қапталған көксерке табылды. Аталған дерек бойынша іс тергеуге жолданды. Рейдтік іс-шаралар мамыр айының соңына дейін жалғасады.
Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінен басқа барлық су айдынында балық аулауға тыйым 1 мамырдан бастап күшіне енді және ай соңына дейін жалғасады. Ал Жайық өзенінде шектеулер 13 мамырдан 15 маусымға дейін қолданылады.