Жеке кәсіпкерлермен жалған мәмілелер жасаған
Елімізде сирек кездесетін дертке арналған дәрілерді жеткізу төңірегінде ірі қаржылық заңбұзушылық әшкереленді. Тергеу мәліметінше, жалған мәмілелер арқылы препараттардың бағасы қолдан өсіріліп, мемлекетке 3,7 млрд теңге шығын келтірілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Интерфармсервис» ЖШС Қазақстан аумағында Дюшенн бұлшықет дистрофиясын емдеуге арналған дәрілік заттардың дистрибьюторы және жалғыз жеткізушісі бола отырып, бес жыл бойы оларды еліміздің медициналық ұйымдарына жеткізіп келген.
Аталған препараттар бойынша өндіруші шекті сату бағаларын белгілеген. Алайда компания басшылығы заңсыз пайда табу мақсатында жеткізу тізбегіне Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген өздеріне бағынысты компанияны қосып, сол арқылы жалған мәмілелер жүргізген.
Осы схема арқылы препараттардың сату бағасы жасанды түрде өсіріліп, олардың нақты өзіндік құны жасырылып, заңсыз пайда алынған. Нәтижесінде мемлекетке 3,7 млрд теңге көлемінде залал келтірілді.
«Алынған табысқа салық төлеуден жалтару мақсатында серіктестік басшылығы түрлі жеке кәсіпкерлермен жалған мәмілелер жасап, жалған шот-фактуралар рәсімдеу арқылы қаражатты шығару схемасын ұйымдастырған. Соның салдарынан 4 млрд теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Компания 637 млн теңгеден астам салық төлеуден жалтарған. Заңсыз баю нәтижесінде кәсіпкерлер 32 пәтер, 11 автокөлік және 8 тұрғын үй сатып алған. Аталған мүлікке тәркілеу мақсатында тыйым салынды. Екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы, үшінші тұлғаға қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.
Қазіргі уақытта тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысуды бастады. Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.