Үкімет Риддердің жылу жүйесін жөндеу үшін 1,8 млрд теңге бөлетін болды

Автор: Асыл Арман

Техникалық тексеру нәтижелерінен кейін жөндеу қажеттігі расталды

Фото: istockphoto.com

Үкімет Шығыс Қазақстан облысыңы Риддер қаласындағы жылу желілері мен ЖЭО жабдықтарын жөндеуге резервтен шамамен 1,8 млрд теңге бөлді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс-шара мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру аясында жүзеге асып жатыр. Қаражат қаланы жылумен қамту сенімділігін арттыруға және инфрақұрылымды 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындауға жұмсалады. Бөлінген қаржы жылу желісінің тозығы жеткен 12 учаскесіне, сондай-ақ Риддер ЖЭО-дағы №5 және №6 қазандық агрегаттарында күрделі жөндеу жобаларын аяқтауға бағытталады.

«Жұмыстарды жүргізу қажеттілігі техникалық тексеру нәтижелерінен кейін расталды. Мамандар жылу жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін учаскелер мен жабдықтарды анықтады. Өткен жылыту маусымы барысында жекелеген учаскелерде зақымданулар мен тозу белгілері анықталып, оларды жоспарлы түрде жаңарту қажеттілігі дәлелденді», – делінген Үкіметтің хабарламасында.

Қазандық агрегаттары мен жылу желілерін жөндеу жылу жүйесінің тұрақты жұмысын арттырып, қала тұрғындарын жылумен қамтудың сенімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.