Алматы тауларында құздан құлаған жасөспірім эвакуацияланды

Автор: Дәулет Ботагөз

Құтқарушылардың діттеген жерге жетуі оңай болған жоқ

Фото: ТЖМ

Алматы маңындағы «Алма-Арасан» шатқалында 15 жастағы жасөспірім құздан құлап, жарақат алды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары зардап шегушіні эвакуациялау үшін күрделі құтқару жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға танымал «Терра» алаңында болған. Куәгерлердің айтуынша, жасөспірім абайсызда құздан құлап кетіп, аяғын қатты жарақаттаған. Қозғалу мүмкіндігінен айырылған соң, жанындағылар бірден құтқару қызметіне хабарласқан. Дабыл бойынша ТЖМ-нің «Барыс» республикалық жедел құтқару жасағы мен Алматы қалалық ТЖД құтқару қызметі бірлесіп әрекет етті.

Құтқарушылардың діттеген жерге жетуі оңай болған жоқ. Олар «Алма-Арасан» пансионатына дейін көлікпен барып, ары қарайғы жолды жаяу жалғастыруға мәжбүр болды. Биікке көтерілу қиындығына байланысты жаяу жол 2,5 сағатқа созылды. Құтқарушылар жасөспірімді тауып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен соң, оны арнайы зембілмен төменге түсірді.

Қазіргі уақытта жасөспірім Апаттар медицинасы орталығының мамандарына тапсырылды. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.