Гүлдеген Сиверс алмасы туристер мен өнерпаздарды бір алаңға тоғыстырды
Жетісу облысы Сарқан ауданының Тополевка ауылы маңындағы «Жоңғар-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында ерекше табиғи құбылысқа арналған «Сиверс алма ағашының гүлдеуі» фестивалі жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ауқымды іс-шара өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, экологиялық туризмді дамытуға, табиғи мұраны насихаттауға және әлемдік маңызға ие Сиверс жабайы алмасының табиғи қорын сақтау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Айта кету керек, Жетісу облысы – жер бетіндегі барлық мәдени алма сорттарының арғы тегі саналатын Сиверс жабайы алмасының негізгі табиғи таралу аймақтарының бірі. Ғалымдардың бағалауынша, аталған бірегей алманың әлемдік табиғи қорының шамамен 48 пайызы осы өңірде шоғырланған.
Бағдарламаның маңызды бөлігінің бірі халықаралық шығармашылық жоба болды. Оның аясында Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия және Қазақстаннан келген суретшілер өз туындыларын ұсынып, көрме қорытындысы бойынша мәдени байланыстарды дамытуға және өңірдің табиғи мұрасын өнер арқылы насихаттауға қосқан үлесі үшін марапатталды.
Қазақстанның республикалық іс-шаралар күнтізбесіне енген фестиваль өңірдің туристік имиджін нығайтуға, ішкі және келу туризмін дамытуға, сондай-ақ Жетісудың бірегей табиғи әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілетуге ықпал ететін маңызды мәдени-туристік алаң ретіндегі орнын тағы бір мәрте айқындады.