Науқанға 31 мыңнан астам адам, 1900-ден астам кәсіпорын мен мекеме қатысты
Астанада республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында ауқымды тазалық жұмыстары жалғасып жатыр. Оның негізгі бағыттарының бірі — қаланың су нысандары мен жағалауларын қамтыған «Мөлдір бұлақ» науқаны, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Таңертеңнен басталған тазалық жұмыстары Есіл өзені, Ақбұлақ және Сарыбұлақ жылғалары, сондай-ақ басқа да су айдындары мен қоғамдық кеңістіктерде жүргізілді.
Науқанға 31 мыңнан астам адам, 1900-ден астам кәсіпорын мен мекеме қатысты. Тазалық жұмысына 1350 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 1200-ден астам аула, 170 саябақ, 53 тарихи-мәдени ескерткіш аумағы ретке келтірілді.
Жұмыс барысында 39 мың метрден астам арық желісі тазартылып, 250 тонна қоқыс жиналды. Сонымен қатар, 5000 шаршы метрге жуық жол жабыны жөнделді.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда жастар ерекше белсенділік танытты. Жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, сондай-ақ «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» ұйымының белсенділері Ақбұлақ жағалауын қоқыстан, құрғақ шөп пен бұтақтардан тазартты.
Бұдан бөлек, «Республика» партиясының әйелдер ұйымы Есіл өзенінің маңын тазалап, 300 кг қоқыс жинады.
Жиналған қалдықтардың басым бөлігі — пластик, шыны және өзен экожүйесіне қауіп төндіретін балық аулау торларының қалдықтары.
Тазалық жұмыстары тек қоқыс жинаумен шектелмейді. Есіл өзенінде балықтардың көктемгі уылдырық шашуына жағдай жасау үшін «Таза су айдындары» акциясы өтті. Арнайы жабдықтардың көмегімен суды тазалау шаралары жүргізілді.
Шара соңында бірлік пен жауапкершіліктің негізі ретінде «Таза Қазақстан» туы желбіреді.