Алматы қаласының әкімі кітап оқу эстафетасын жалғастырды
Ол өз сөзінде кітап оқудың маңыздылығына ерекше тоқталды
«AMANAT» партиясының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған республикалық бастама Алматыда жалғасын тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы «Кітап аманаты» эстафетасы Алматы қаласына жетті. Бұған дейін эстафетаны Абай облысының әкімі Берік Уәли бастап, кейін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жалғастырған болатын. Енді игі бастама Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға табысталды.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды эстафетаны ресми түрде қабылдап алып, өз сөзінде кітап оқудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол Алматыда қазіргі таңда 37 мемлекеттік кітапхана, тәулік бойы жұмыс істейтін 7 заманауи цифрлық кітапхана және 32 автоматтандырылған кітап аппараты жүйелі түрде қызмет көрсетіп тұрғанын атап өтті. Сонымен қатар, қалада ірі Президенттік кітапхананың құрылысы жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Бұл жоба оқу мәдениетін дамытуға тың серпін бермек.

Қала әкімі кітапсүйер қауымға Мұхтар Әуезовтің «Өскен өркен» романын оқуға ұсынды. Сөз соңында «Кітап аманаты» эстафетасын Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке жолданды.
Айта кетейік, өткен аптада Қызылорда облысының әкімі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романын оқуға ұсынған болатын. Аталған шығарма бойынша «Хабар» арнасының таңғы тікелей эфиріне алғаш болып хабарласқан Қарағанды облысы, Приозерск қаласының тұрғыны Нүризат Темірқұл жүргізушінің сұрақтарына нақты жауап беріп, жүлделі iPhone иегері атанды.

Көрермендер назарына: Келесі жұма күні сағат 07:00-09:00 аралығында «Хабар» арнасының таңғы эфирінде Мұхтар Әуезовтың «Өскен өркен» романы бойынша викторина өтеді. Жеңімпазды тағы да бағалы сыйлық күтеді.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы - жаппай кітап оқу мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, қазақ қаламгерлерінің еңбегін ұлықтауды және ұлттық әдеби мұраны дәріптеуді көздейтін бірегей бастама.