Енді тәртіп сақшыларына пилотсыз ұшу аппараттары көмектеседі
Түркістан облысының полицейлері жол қозғалысын қадағалау және берешегі бар жүргізушілерді анықтау үшін заманауи технологияларды қолданысқа енгізді. Енді тәртіп сақшыларына пилотсыз ұшу аппараттары мен «Қорғау» жүйесі көмектеседі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл технологиялар жол жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Дрондар жоғарыдан көлік ағынын қадағаласа, «Қорғау» бағдарламасы база арқылы айыппұлы немесе өзге де борышы бар көліктерді автоматты түрде анықтайды.
Мониторинг нәтижесінде дронның көмегімен берешегі бар Changan маркалы көлік анықталып, мамандандырылған тұраққа қойылды. Ең көп қарызы бар Chevrolet Monza автокөлігінің иесі ұсталды.
Полиция деректеріне сүйенсек, жол ережесін бұзу оқиғаларының басым бөлігі — жылдамдықты шамадан тыс асырумен байланысты. Жыл басынан бері облыс бойынша 2 500-ден астам көлік айыппұл тұрағына тоғытылған. Бұл көліктердің иелерінің түрлі деңгейдегі борыштары бар.
«Заманауи технологияларды қолдану жұмыстың тиімділігін арттырып, жол үстіндегі құқық бұзушылықтардың азаюына септігін тигізеді», — деді тәртіп сақшылары.