ТЖМ қазақстандықтарға маңызды үндеу жасады

Автор: Дәулет Ботагөз

Құтқарушылардың сөзінше, аулалар мен саяжай учаскелерін тазарту кезінде ерекше сақ болу қажет

Фото: ТЖМ

Қазақстанда ауа райының жылынуына байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға шақырды. Мекеме мамандары ашық отты пайдалануда барынша жауапты болуды және су айдындарының маңында қауіпсіздік ережелерін ұмытпауды ескертеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сенбіліктер өткізу, аулалар мен саяжай учаскелерін тазарту кезінде ерекше сақ болу қажет. Құрғақ, ыстық және желді ауа райында от жағуға және қоқыс жағуға қатаң тыйым салынады.

Министрліктің мәліметінше, қолайлы ауа райы кезінде қалдықтарды тек ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта, арнайы бөлінген орындарда және тұрақты бақылаумен ғана өртеуге рұқсат етіледі. Ал мангал немесе барбекю пайдаланғысы келетіндер үшін талаптар бөлек: нысаннан арақашықтық 10 метрден кем болмауы тиіс. Сонымен қатар, от жаққан жерде міндетті түрде өрт сөндіргіш немесе кемінде 10 литр суы бар ыдыс болуы шарт.

Төтенше жағдайлар министрлігі ел аумағында өрт қаупінің алдын алу мақсатында азаматтарға арналған негізгі қауіпсіздік ережелерін жариялады. Мекеме мамандары өртті болдырмау үшін, ең алдымен, сөндірілмеген темекі қалдықтары мен сіріңкені кез келген жерге тастамауға және құрғақ шөпті әдейі өртеуге жол бермеуге шақырады.

Өрт белгілері анықталған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласу қажет. Сондай-ақ, ведомство су айдындарының маңында балаларды қараусыз қалдырмауға және демалыс кезінде өте сақ болуға шақырады. 

«Қарапайым ережелерді сақтау — өз өміріңіз бен жақындарыңыздың амандығын сақтаудың басты кепілі»,— деп атап өтті мекеме өкілдері.