Қайғылы жағдайға қызғаныш себеп болған
Ақтау қаласында Жаңаөзендегі дәрігер Нұрдәулет Аманғалиевтің өліміне қатысты атышулы қылмыстық істі қарау басталды. Оқиға биылғы жылдың қаңтар айында болып, бүкіл елді дүр сілкіндірген еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Қазіргі таңда іс Ақтау қалалық Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралып жатыр. Сот процесіне төрағалық етуші судья — Серікқали Бердібеков.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қайғылы жағдайға қызғаныш себеп болған. Болжам бойынша, күдікті сол күні қатты эмоционалды күйзелісте болып, пышақ алып, дәрігердің жұмыс орнына келген. Ол Нұрдәулет Аманғалиевке бірнеше рет пышақ жарақатын салып, кейін өз еркімен полицияға берілген.
Айта кетейік, 29 жастағы дәрігерге жасалған бұл шабуыл оның кәсіби қызметімен байланысты емес, тек тұрмыстық негіздегі қақтығыс екені анықталды.
Бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұл іске қатысты пікір білдіріп, медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған жаңа заң нормаларының бұл жағдайға қатысы бар-жоғын талқылаған болатын. Қазіргі таңда сот барысында оқиғаның барлық мән-жайы зерттеліп жатыр. Марқұмның туыстары мен әріптестері кінәлі тұлғаның заң алдында қатаң жазалануын талап етіп отыр.