Ірі жоба Қазақстан мен Қытай үкіметаралық келісімі аясында жүзеге асырылып жатыр
Орталық Қазақстанда баламалы энергия көздерін дамыту қолға алынды. Қарағанды облысында қуаттылығы 500 МВт болатын жаңа жел электр станциясының құрылысы ресми түрде басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл ірі жоба Қазақстан мен Қытай үкіметаралық келісімі аясында жүзеге асырылып жатыр. Құрылысқа жауапты тараптар — China Energy International Group және «Самұрық-Энерго» компаниялары.
Инвестиция көлемі 645 млн АҚШ долларын құраған. Жобаның жылдық қуаттылығы 1,6 млрд кВт·сағ «жасыл» энергия. Іске қосылу мерзімі 2029 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланып отыр.
Жаңа нысанның іске қосылуы өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға септігін тигізбек. Мамандардың есебінше, ЖЭС жұмысы атмосфераға таралатын көмірқышқыл газының мөлшерін жылына 1,3 млн тоннаға азайтуға мүмкіндік береді.
«Бұл жоба тек энергия тапшылығын жойып қана қоймай, Қазақстанның климатты қорғау жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындауға да үлкен үлес қосады», — дейді сала мамандары.
Қазақстан қазіргі уақытта жел энергетикасы саласында халықаралық серіктестікті белсенді дамытып жатыр. Жамбыл облысында TotalEnergies компаниясымен бірлесіп, қуаты 1 ГВт болатын станция салынуда. Сондай-ақ Павлодар облысында State Power Investment Corporation компаниясымен қуаттылығы дәл сондай тағы бір ірі жоба қолға алынды.