Ең жас қатысушы – 6 жаста, ең үлкені – 93-те: Астанадағы спорт фестивалі өтті

Автор: Аягөз Құрмаш

Астана әкімдігінің спорт басқармасы қалалықтарға жазғы маусымды ашып берді

Фото: Azattyq Ruhy

Астана қаласында 1 мамыр күні спорт фестивалі өтті. Фестиваль Қазақстан халқының бірлігі күніне орай және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында елордадағы Триатлон паркінің жаңартылған жағалауында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астаналықтар таң атпай Триатлон паркінде жиналды. Бұған себеп бұқаралық жүгіру мен балалар мен жасөспірімдер арасындағы спорт сайыстары болды. 5 шақырым жүгіріске екі мыңнан астам адам тіркелген.

Сонымен бірге, өткен фестивальде ең ерекше катысушылардын бірі - гуманоид-робот болды. Ол тек қонақтардың назарын аударып қана қоймай, жугіру жарысына да қатысып, қашықтықты Илья Ильинмен бірге бағындырды.

Бұл шараның ұйымдастырушылары - қалалық спорт басқармасы мен Алматы ауданның әкімдігі.

Спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербайдың айтуынша, онлайн тіркеу ашу туралы шешім тұрғындар тарапынан жоғары қызығушылық пен өтінімдердің көп түсуіне байланысты қабылданған.

«Бүгінгі іс-шарада әртүрлі жастағы қатысушылар бар. Мысалы, балалар арасында жарыс 6 жастан басталып жатыр, ал скандинавиялық жүріске 93 жастағы апамыз арнайы Көкшетаудан келіп қатысып жатыр. Отбасымен келгендер де көп, тіпті 9 баласы бар отбасы да бар. Жалпы бұқаралық жүгіруге 2000-нан астам адам тіркелді, скандинавиялық жүріске 200-ге жуық адам, балалар жарысына 250-ден астам бала қатысып жатыр. Мұндай іс-шаралар халықты біріктіреді, сондықтан алдағы уақытта да көптеп ұйымдастырылады», – деді Өсербай Ержігіт.

Оның айтуынша, елордада бұқаралық спорт шараларына ерекше мән беріледі.

«Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл іс-шара алдағы уақытта да жалғасын табады. Әсіресе, алдағы үлкен мерекелерге орай түрлі спорттық-бұқаралық шаралар жоспарланып отыр. Жақында Рәміздер күні, одан кейін қала күні өтеді, соған байланысты да көп спорттық іс-шара ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ Спорт күніне орай да жоспарлар бар. Қазіргі таңда іс-шара триатлон саябағында өтіп жатыр. Саябақтың жөндеуден өткенін білесіздер, сол себепті барлық спорт алаңдары халыққа таныстырылып, қолжетімділігі көрсетілуде. Мұнда спорттың әр түрі бойынша түрлі алаңдарда белсенділік ұйымдастырылып, тұрғындарға тегін түрде мүмкіндік беріліп отыр» – деді ол.

Ересектер арасында жүгіруге қатысқандардың бірі Бекнұр Тәңірберген ол бағдарламашы болып жұмыс істегендіктен, көбіне компьютер алдында қозғалыссыз отыратынын айтты. Мұндай іс-шаралар денсаулық үшін аса пайдалы.

«Жарыс өте әдемі өтті. Өз басым спортшы емеспін, бірақ марафондарға жиі қатысып тұрамын. Келешекте бұйырса 10 және 21 шақырым жүгіріп көруге тырысамын. Бүгін темпім 5 минут болды, жалпы 2,5 шақырым жүгірдім, жарақатқа байланысты сонымен шектелдім. Мен программист болып жұмыс істеймін, онлайн форматта болған соң көбінесе үйде отырамын. Осындай керемет іс-шаралар көп болса екен, Астана әкімшілігіне үлкен рахмет», – деді Бекнұр Таңірберген.