Алматыда төбелес салдарынан екі жасөспірім көз жұмды
Жанжал клуб ішінде басталып, кейін далада жалғасқан
Алматыдағы компьютерлік клубтардың бірінде басталған жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды. Жасөспірімдер арасындағы жаппай төбелес салдарынан екі бала қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға қалай болды?
Марқұмдардың туыстарының айтуынша, жанжал клуб ішінде басталып, кейін далада жалғасқан. Сөзге келмей, жаға жыртысқан 10-ға жуық жас жігіттің арасында біреуі пышақ қолданған. Екі кәмелетке толмаған бала пышақ жарақатын алып, ауруханада жан тапсырды.
«Досы көмек сұрап, біреумен ерегісіп қалғанын айтқан. Ол жерде 10-ға жуық бала болған. Төбелес кезінде біреуі досының жүрегіне пышақ сұғып алған. Балам соған ашуланып, соңынан жүгіргенде, оны да пышақтап кеткен», — дейді марқұмның анасы.
Алматы қалалық Полиция департаменті оқиғаға қатысы бар деген күдікпен 12 адамды ұстады. Ұсталғандардың барлығы 17-18 жастағы бозбалалар. Қазіргі уақытта «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Дене жарақатын салған негізгі күдіктілер анықталып, қамауға алынды. Қалған қатысушылардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі. Ауыр қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады», — деп мәлімдеді ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.