«TURGYNDAR AMANATY» аясында тұрғын үйді басқарудың жаңа моделі талқыланды
Қостанайда «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында өткен өңірлік форумда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалау, ПИК пен МИБ жүйесін жетілдіру және тұрғындардың басқаруға қатысуын кеңейту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиынға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, «AMANAT» партиясының Хатшысы Александр Данилов, Мәжіліс депутаты, партия фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева және өңірлік филиал төрағасы Алмат Досмұхамедов қатысты. Форум барысында көпқабатты үйлерді басқарудың тиімді тетіктері МИБ және ПИК төрағаларымен бірге талқыланды.
«TURGYNDAR AMANATY» жобасының басты мақсаты – көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару тәсілін түбегейлі өзгерту. Тұрғындар бейжай бақылаушы болып қала бермей, өз үйлерінің толыққанды иесіне айналуға тиіс. Барлық негізгі мәселе бойынша түпкілікті шешімді солар қабылдауы керек. Осыған байланысты, біз барлық шығынның ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мүлік иелері бірлестіктерін кезең-кезеңімен дамытып келеміз. Салада тәртіп орнату мәселесі де ерекше маңызға ие. Сондықтан 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін өңірдегі барлық пәтер иелері кооперативтері міндетті қайта тіркеуден өтуі қажет. Біз азаматтардың тұрмысын жақсарту мақсатында мемлекет, басқарушы ұйымдар және меншік иелері арасындағы тұрақты өзара іс-қимыл жүйесін қалыптастыруға ұмтыламыз», – деді әкім.
«Бүгінде Қостанай облысында экономикалық өсімді қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Былтыр өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 110,6%-ды құрады, ал салық түсімдері 31,3 млрд теңгеге артты. Біздің міндетіміз – «TURGYNDAR AMANATY» жобасы арқылы әрбір үйде жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырып, нақты заңнамалық және практикалық шешімдер ұсыну. Біз партияның әр азаматқа жеткенін іс жүзінде көрсетіп отырмыз, ал «Халықпен бірге» қағидаты атқарып жатқан жұмысымыздың өзегіне айналды», – деді Александр Данилов.
Оның айтуынша, жоба аясында МИБ және ПИК төрағаларына арналған «OSI-SKILLS» оқыту семинарлары өткізіліп, басқару жүйесін жүйелеуге бағытталған қалалық кеңестер құрылады. Сонымен қатар қысқа мерзімде құрылыс компанияларының кепілдік мерзімін ұзарту, салық режимін сақтау және борышкерлермен жұмысты күшейту қарастырылған.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен көпқабатты үйлерді басқару – ең күрделі салалардың бірі. Мұнда ескерерлік бірқатар жайт бар екенін айта кеткен жөн: әртүрлі үйлер, әртүрлі тұрғындар, әр пәтердің өз проблемасы бар. Бұл салада әрдайым білікті кадр тапшылығы сезіледі. Қызмет көрсету нарығы тұрғын үйлердің нақты қажеттілігінен әлдеқайда аз. Біздің басты мақсатымыз – иесіз қалған үйлер санын азайту. Бірде-бір үй басқарусыз қалмауға тиіс. Басқару нысаны МИБ пе, әлде тікелей бірлескен басқару ма, субъектісі ПИК пе, әлде басқарушы компания ма – айырмашылығы жоқ. Ең бастысы, әр үй басқарылып, тиісті қызмет көрсетілуі қажет. Осы мақсатта партия фракциясы тұрғын үй қатынастары туралы заңға тиісті өзгерістер енгізді. Саланы жетік білетін тәжірибелі мамандар талқылау жұмысына қатысып, бірқатар ұсыныс берді, біз оларды ескердік. Бұл – өте маңызды. Себебі нормалар іс жүзінде кәсіби шеберлік пен тәжірибеге сүйенуі керек», – деді депутат.
Депутаттың мәліметінше, қазір заңға тәуелді актілерді жетілдіру, қайта тіркеу рәсімдерін жеңілдету және басқарушыларды кәсіби даярлау жүйесін енгізу бағытында жұмыс жүріп жатыр.
Форум қорытындысында қатысушылар ұсынылған бастамалар тұрғын үйді басқарудың ашық әрі тиімді моделін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты.