Есіл ауданында болған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды
Ақмола облысы Есіл ауданында кәріз құдығында жұмыс істеген 2 жұмысшы бумен уланып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, зардап шеккендердің екеуі де «Есіл қалалық коммуналдық шаруашылығы» ШЖҚ-дағы МКК қызметкерлері. Алайда олар кәріз люгіндегі жұмысты кәсіпорынға тиесілі емес учаскеде орындаған.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі науқастардың жағдайына қатысты нақты ақпарат берді.
«Есіл аудандық ауруханасының терапия бөлімінде 34 жастағы емделуші «Газдардың, түтіндердің және булардың токсикологиялық әсері» диагнозымен жатыр. Қарқынды терапия палатасында 2003 жылы туған емделуші де дәл осындай диагнозбен жатыр. Ер адам есін біледі. Екі науқастың да жағдайы тұрақты», – деп түсіндірді ведомство.
Өңірлік полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.