Сот талқылауы жабық сот отырысында өтті
Астанада Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаровтың қазасына қатысты іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда соттарының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 20.02.2026 жылғы үкімімен сотталушы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді», – делінген хабарламада.
Негізгі сот талқылауы жабық сот отырысында өткендіктен, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы талаптарына сәйкес іс бойынша өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.
Айта кетейік, осыған дейін Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаров Астанада көз жұмғаны хабарланған.