Алматыда жігіттер 32 жасында, ал қыздар 29 жасында отбасын құрады – статистика

Жыл басынан бері 934 жұп ажырасу туралы өтініш берген

Алматыда жігіттер 32 жасында, ал қыздар 29 жасында отбасын құрады – статистика
Фото: istockphoto.com

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласындағы филиалында некеге тұру мен ажырасу бойынша өзекті статистика жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2026 жылдың басынан бері қалада шамамен 4600 неке тіркелген. Орта есеппен күн сайын 70-ке жуық некелесу рәсімі өткізіледі. Некеге тұратындардың орташа жасы – қалыңдықтар арасында 29 жас, күйеу жігіттер арасында 32 жас.

Сондай-ақ ерекше жағдайлар да тіркелген. Некеге өтініш берген ең жасы үлкен адам – 92 жастағы ер адам. Ал ең жас жұптың екеуі де 16 жаста болған, неке заңнама талаптарына сәйкес тіркелген.

Сонымен қатар жыл басынан бері 934 жұп ажырасу туралы өтініш берген. Ажырасушылардың орташа жасы ерлер арасында – 39 жас, әйелдер арасында – 37 жас.

Бұдан бөлек, осы кезеңде 409 шетел азаматымен неке тіркелген.

Мамандар некені тіркеу туралы өтінішті тіркеу күніне кемінде 15 күнтізбелік күн бұрын беру қажет екенін еске салды.

Қызметті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының АХАЖ бөлімдерінде, eGov.kz электрондық үкімет порталында немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы рәсімдеуге болады. Қалауы бойынша жас жұбайлар некені салтанатты түрде тіркеу рәсімін де өткізе алады.