Қызылорда облысында шенеунік кәсіпкерді жазалаймын деп ірі көлемде айыппұл арқалады

Автор: Асыл Арман

Бұл іске прокурорлар араласты

Фото: istockphoto.com

Қызылорда облысында инвестор құқығын қорғау барысында өрескел заң бұзушылық анықталды. Өңірлік Экология департаментінің қызметкерлері кәсіпкерді прокурордың міндетті келісімінсіз әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Табиғат қорғау прокуратурасының араласуынан кейін заңсыз айыппұлдың күші жойылып, инвестордың құқықтары толық қалпына келтірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аталған заң бұзушылық инвесторлардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманың сақталуына жүргізілген талдау барысында анықталды.

Тексеру нәтижесінде Экология департаментінің лауазымды тұлғалары инвесторды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 139-бабы бойынша прокурордың міндетті келісімінсіз әкімшілік жауаптылыққа тартқаны белгілі болды. Бұл – заңнама талаптарының тікелей бұзылуы болып саналады.

Еске салайық, «прокурорлық сүзгі» тетігі шеңберінде инвесторларға қатысты кез келген әкімшілік ықпал ету шаралары міндетті түрде прокуратура органдарымен келісуді талап етеді. Прокуратураның наразылығы негізінде айыппұл салу туралы заңсыз қаулының күші жойылып, инвестордың құқықтары қалпына келтірілді.

«Бұзушылыққа жол берген Экология департаменті бөлімінің бұрынғы басшысына қатысты кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 173-бабы бойынша оған 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Прокуратура кез келген инвесторларға қатысты заңсыз қысым көрсету әрекеттеріне қатаң құқықтық баға берілетінін және бизнесті қорғау қадағалау органының негізгі басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті», – делінген прокуратураның хабарламасында.