Индерборда ағайынды екі жігіт 30 жастағы ер адамды үйінің алдында атып кетті

Зардап шеккен адамға аудандық ауруханада ота жасалды

Индерборда ағайынды екі жігіт 30 жастағы ер адамды үйінің алдында атып кетті
Фото: istockphoto.com

Атырау облысының Индербор кентінде ер адамдар арасындағы жанжалдың соңы атыспен аяқталды. Салдарынан бір адам зардап шекті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

27 сәуір күні Индербор кентінде 30 жастағы ер адамның үйінің ауласында жанжал болып, онда травматикалық қарудан оқ атылған. Атыстан кейін шабуыл жасағандар оқиға орнынан қашып кеткен.

Полиция қызметкерлері көп ұзамай 2003 және 2004 жылы туған екі күдіктіні – ағайынды жігіттерді ұстады. Зардап шеккен адамға аудандық ауруханада ота жасалды. Қазір ол хирургия бөлімінде жатыр.

Атырау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер анықталып, қамауға алынды.

«Қазіргі уақытта тергеу іс-шаралары кешені жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.