6 мың доза: Алматыда есірткі таратып жүрген курьер 12 жылға сотталып кетуі мүмкін

Автор: Асыл Арман

Курьерден 2,5 келі есірткі табылды

Фото: Видеодан скрин

Алматы қаласында есірткі таратып жүрген курьерден ірі көлемде тыйым салынған зат табылды. Осы қылмысы үшін ол енді 12 жылға сотталып кетуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алатау ауданында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде интернет-дүкеннің бір тармағының қызметі тоқтатылды. Онда 20 жастағы жасырын жеткізуші жұмыс істеген.

Жеке тінту барысында наркокурьерден 127 орам мефедрон және таратуға дайындалған 2 мың «экстази» таблеткасы, сондай-ақ тұрғылықты жерінен шамамен 1 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Жалпы салмағы 2,5 келіні құрады, бұл тұтынушыға жетпеген 6 мың бір реттік дозаға тең. Төлем криптовалюта арқылы алынған.

«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оған 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – делінген ПД хабарламасында.

Есірткі таратуда қылмыстық схемалар мен жасырын цифрлық технологияларды қолдану жауапкершіліктен құтқармайды. Ішкі істер министрлігі күмәнді, жоғары табыс уәде ететін ұсыныстардан дер кезінде бас тартуға және заң бұзбауға шақырады.